2025 жылдың 13 шілдесінде Қазақстан бойынша мемлекеттік білім беру гранттарына өтінім қабылдау апталығы ресми түрде басталды. Бұл кезең - түлектер үшін маңызды мүмкіндік: олар жоғары оқу орындарына түсу үшін құжаттарын тапсырып, мемлекеттік грантқа үміткер бола алады.
Қазақ-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) дәстүрге сай, талапкерлерге есігін алғашқылардың бірі болып ашты. Университеттің қабылдау комиссиясы таңғы 8:30-дан бастап жұмысын бастап кетті - бұл мемлекеттік онлайн жүйелер іске қосылғанға дейін жүзеге асты.
Талапкерлер таңнан бастап кезекте тұрды
ҚБТУ қабылдау комиссиясының мәліметінше, талапкерлер таңғы 7-ден бастап университет алдына жинала бастаған. Жауапты хатшы Абдулахат Исмаиловтың айтуынша, олар талапкерлердің белсенділігін көріп, жұмысты ерте бастауға шешім қабылдаған.
Құжат тапсыруға 350-ден астам талапкер келді
Алғашқы күні университетке 350-ден астам талапкер келіп, құжаттарын тапсырды. Қабылдау үдерісі «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған: талапкерлер электронды кезекке тіркеліп, барлық рәсімдерді бір кеңістікте орындай алады. Сонымен қатар, әр талапкерге жеке кеңес беріліп, мамандықтар мен конкурс ережелері бойынша ақпарат ұсынылады.
Алғашқы талапкерлерге - сыйлықтар
Алғашқылардың бірі болып құжат тапсырған үш талапкерге ҚБТУ брендтік өнімдерінен тұратын сыйлықтар табысталды. Бұл - университеттің әрбір талапкерге көрсеткен ерекше ілтипаты.
Цифрлық қабылдау - басты назарда
Университет өз платформасын әзірлеп, оны eGov.kz жүйесімен біріктіріп, құжат тапсыруды жеңілдетті. ҚБТУ-дың қабылдау комиссиясы төрағасының орынбасары Асель Жұмасейітованың айтуынша, биыл талапкерлердің басым бөлігі құжаттарын онлайн форматта тапсыруды жөн көреді. Бұл - кезекті азайтып, процесті ыңғайлы етуге көмектеседі.
ҚБТУ - заманауи талапкердің таңдауы
ҚБТУ - еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің IT, мұнай-газ, қаржы, химия және бизнес салаларындағы бағдарламаларына сұраныс жоғары. Талапкерлерге қос диплом алу, ғылыми жобаларға қатысу, өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндіктері ұсынылады.
Құжат қабылдау апталығы еліміздің ылым және жоғары білім министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жалғасады. ҚБТУ командалары талапкерлерге ыңғайлы әрі әділ қабылдау процесін қамтамасыз ету үшін толық дайын екенін мәлімдеді.